
Менің есімі Батырхан. Мен Орал қаласындағы физико-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегімін. Мектеп кезінде мен бағдарламалау саласымен өте қызыға айналысқан болатынмын, сол себепті қазіргі таңда бұл іс менің хоббиым болып табылады. Бағдарламалау саласымен айналыса бастаған кезімде, мен бұл салада еш білімі жоқ, тек қызығушылығы бар жас мектеп оқушысы болатынмын. Алайда, қызығушылық пен ынтаның арқасында мен бұл салада үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, Қазақстанның әр түрлі қалаларында болған олимпиадалар мен жиналыстарға қатыстым. Сондықтан, сендерге айтар бір кеңесім – жаңа және қызықты істермен айналысуға қорықпаңдар. Бағдарламалау саласынан басқа мен өзімнің оқуыма және мектептегі өміріме өте үлкен көңіл бөлген болатынмын.
Назарбаев Университетіндегі бірінші күндерімнен бастап мен өз алдыма мақсат қойған болатынмын – мектепте айналысқан істерімді жаңа жоғары деңгейде жалғастыру. Сол себепті, ең алдымен, мен Студенттік кеңестің мүшесі болу туралы ойладым. Қазіргі таңда мен Стденттік кеңестің академиялық бөлімінің техникалық менеджері болып табыламын. Мен осы кеңестің басқа мүшелерімен бірге Foundation бағдарламасының студенттеріне көмектесе алатыныма және осы бағдарлама жүйесіндегі уақытымызды қызықты етіп өткізуімізге үлесімді қоса алатыныма шын жүректен сенемін.